Алматы халықаралық әуежайында Франкфурт бағытына ұшпақ болған шетел азаматы қоғамдық тәртіпті бұзып, анықтама бюросы маңында жанжал шығарды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Көліктегі полиция қызметкерлерінің мәліметінше, оқиға әуежайдың екінші қабатында болған. Мас күйдегі шетелдік өзін агрессивті ұстап, балағат сөздер айтып, шыны витринаға соққы жасаған.
Соның салдарынан әйнек сынып, анықтама бюросының қызметкерлеріне құлаған. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген.
32 жасар Канада азаматы Қазақстанда тұрады, Арыс қаласындағы жекеменшік компаниялардың бірінде жұмыс істейтіні анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша шетелдікке қоғамдық орында мас күйде жүргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелді. Сот шешімімен оған 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды.