Almaty Business: Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бекітілді

102

Алматының биылғы нақтыланған бюджеті 2 трлн 806 миллиард теңге көлемінде бекітілді.    

Almaty Business: Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бекітілді Фото: gov.kz

Бұл туралы қалалық экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов мәслихаттың кезектен тыс XXII сессиясында мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, түзету бюджет қаражатын ішкі қайта бөлу есебінен жүргізілген. Бұл қосымша жобалар жалпы бюджет көлемін арттырмай-ақ қаржыландырылатынын білдіреді.

Алматы бюджетінің басым бөлігі әдеттегідей әуелі әлеуметтік салаға бөлінеді. Мәселен, қалада қазір 9 білім беру нысанын салу және құрылысын аяқтау жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған жобалар Түрксіб, Алмалы, Алатау, Жетісу және Наурызбай аудандарындағы мектептерді қамтиды.

Одан бөлек, медициналық әлеуетті арттыру күн тәртібіндегі келелі мәселе жетерлік. Биыл шаһарда жаңа перзентхана мен амбулаторияның құрылысы басталмақ. Оған қала бюджетінен 3,6 млрд теңге бөлінеді.

"Биыл тамыз айында Сац атындағы Балалар мен жасөспірімдер театры ғимаратын қайта жаңғырту және оған қосымша құрылыс салу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Жобаны аяқтауға 3,5 млрд теңге қарастырылған. Қаланың туристік инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында Үлкен Алматы көліне дейін жаяу жүргіншілер жолын салуға 665 млн теңге және Медеу табиғи паркін көріктендіру жобасының бастапқы кезеңіне 2 млрд теңге бөлінді", – деді Экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов.

Мәслихатта 2030 жылға дейінгі Almaty Business кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бекітілді. Ол шағын және орта бизнесті жүйелі дамытуға, қаржыландыруға және мегаполистегі инвестициялық белсенділікті арттыру бағытталған.

Аталған бағдарлама 2019 жылдан бастап былтырға дейін іске асырылған, осы уақыт аралығында жалпы сомасы 56,5 млрд теңге болатын 793 жоба қаржыландырылып, 6400 жаңа жұмыс орны ашылған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу