Үкімді Алмалы аудандық сотының судьясы Ернар Қасымбеков оқыды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, бір жарым жылға созылған хостелдегі өртке қатысты іске нүкте қойылып отыр.
Іс Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша қаралды.
Айып тағылған екі адам – ALA Hostel директоры Әділбек Мұхамедьяров пен "Гидсервис" компаниясының иесі Александр Пекельник.
– Сот барлық мән-жайды ескеріп, келесідей үкім шығарды: ALA Hostel директоры Әділбек Мұхамедьяров 5 жылға бас бостандығынан айырылды, Александр Пекельник 4 жылға сотталды. Олар жазасын қауіпсіздік деңгейі төмен мекемеде өтейді. Екеуі де сот залында қамауға алынды, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2023 жылдың 30 қарашасында Әди Шәріпов 86 мекенжайында орналасқан "Almaty Hostel" хостелі өртеніп, 13 адам қайтыс болған еді. Кейіннен олардың төртеуі шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы) болса, қалғаны ел азаматтары екені белгілі болды.