Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мемлекеттік мектеп директорларымен кеңес өткізіп, білім сапасы, балалардың қауіпсіздігі, қаржылық тәртіп және жаңа оқу жылына дайындық мәселелерін қарады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бүгінде қалада 360 мектеп жұмыс істейді. Онда 357 мыңнан астам оқушы білім алып, 30 мыңға жуық педагог еңбек етеді.
2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасының көрсеткіші 66%-ға жетті. Қала әкімі нәтижелері төмен мектептердегі жұмысты күшейтіп, білім сапасын арттыру бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Кеңесте білім беру инфрақұрылымын дамыту жайы да талқыланды. Қазіргі уақытта қалада шамамен 30 мың оқушы орны жетіспейді. Осыған байланысты 2030 жылға дейін 105 мыңнан астам орынға арналған 69 мектеп салу жоспарланған.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына сапалы дайындауға ерекше назар аудару тапсырылды.
Сонымен қатар жазғы кезеңде шамамен 293 мың оқушыны демалыспен қамту жоспарланып отыр.