3 маусым сағат 17: 59-да Алматы-Қорғас тас жолының бойында жеңіл көлік өртеніп, оның ішінде болған екі адам оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды inbusiness.kz Алматы облыстық ТЖД-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментіне ақпарат 3 маусым сағат 17:59-де келіп түсті. Оқиға орнына 4 қызметкер мен 1 техника аттанды. Ең жақын өрт сөндіру бекетінен қашықтық 45 шақырымды құрады. Көліктен екі жолаушының өртеніп кеткен денесі табылды. Өрттің себебі анықталып жатыр", – деп жазылған хабарламада.
Әлеуметтік желіде өрттің бейнежазбасы тарауда. Оқиға орнында болған куәгерлер көлікте екі әйел адамның болғанын, өрт басталғанда олардың шығып үлгере алмай қалғанын айтуда.
Қазіргі кезде жалынның шығу себебін анықтау үшін оқиға орнына өрт-сынақ зертханасы шақырылған.