Алматы маңындағы тау бөктерінде 52 заңсыз құрылыс нысаны анықталды

Өткен жылдың қыркүйек айынан бері Алматы қаласының Қала құрылысын бақылау департаменті тау бөктеріндегі 52 заңсыз нысанды анықталды.

Алматы маңындағы тау бөктерінде 52 заңсыз құрылыс нысаны анықталды Фото: baq.kz

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қоғамдық кеңесінің отырысында қала әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

"8 нысан бойынша сот бұзу туралы шешім шығарса, 23 нысан бойынша бұзу және рұқсат беру құжаттарын жою бойынша сот ісі жүргізілуде, 21 нысан бойынша талап-арыз беруге дайындық жұмыстары жүргізілуде", - деді қала әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ әкімдік өз құзыреті шегінде тау бөктеріндегі аймақтарды игеруге жол бермеу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, экологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу мақсатында 2022 жылғы маусымда мәслихаттың "Алматы қаласы аумағының функционалдық аймақтарын дамытудың қала құрылысы регламенттерін іске асыру жоспарын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізілді.

Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы мамырда бекіткен 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарында тау бөктеріндегі бос жатқан жерлердің барлығы құрылыс қарастырылмаған рекреациялық аймақтарға ауыстырылғанын қосты.

Айта кетейік, бұған дейін Антикор Алматының жер және қала құрылысы салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтағаны туралы хабарлаған еді. 

Сонымен қатар, мемлекет қажеттілігі үшін жер телімін сатып алу кезінде 45 млн теңге көлемінде пара алды деген айыппен қалалық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары м.а-на қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу