Алматы мектептерінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын білім беру үдерісіне енгізу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қала әкімдігінің мәліметінше, бүгінде Алматыдағы барлық 227 мемлекеттік мектеп жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. Білім беру саласына қатысатын 200 мыңнан астам адам Gemini, NotebookLM және Canva секілді жасанды интеллект платформаларын пайдаланып келеді.
Сонымен қатар педагогтер цифрлық білім беру мазмұнын дамыту бағытында белсенді жұмыс атқаруда. Қазіргі таңда мұғалімдер 83 мыңнан астам цифрлық оқу материалын әзірлеген.
Бұдан бөлек, барлық мектепке жасанды интеллект элементтері енгізілген 6,5 мың электрондық оқулыққа тегін қолжетімділік берілген.
Алдағы уақытта орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектті қолдануды кеңейту көзделіп отыр. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін осы бағыттағы өңірлік іс-қимыл жоспарын бекіту жоспарланған.