Қазақстанның алдында дайын өнім экспортын ұлғайтып, отандық өндірушілердің өнімдерін сыртқы нарықтағы позициясын күшейту міндеті тұр. Осы бағытта 2030 жылға қарай Алматы қаласы мен Алматы облысынан шығарылатын дайын өнім экспортын 1,5 млрд АҚШ долларына арттыруды көздеп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл – Алматы мен Алматы облысының экспорттық әлеуетіне арналған дөңгелек үстелдің басты тақырыбы болды. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың, квазимемлекеттік сектордың және бизнес өкілдері қатысты.
Қазір алматылық агломерацияда 4 миллионға жуық адам тұрады және елдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 35 пайыздан астамы осы өңірде шоғырланған. Бұл – Қазақстанның ең ірі қаржы, кәсіпкерлік және логистика орталығы. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматының сыртқы сауда айналымы 33,6 млрд АҚШ долларына жетіп, 5,2 пайызға артты.
Экспорт көлемі 6 млрд долларды құрады. Өсу оң болғанымен, экспорт қарқыны қаланың нақты экономикалық әлеуетіне сай емес. Соған қарамастан Қытайға, Орталық Азия елдеріне, Еуропа мен ТМД мемлекеттеріне жеткізілімнің тұрақты өсуі өңір өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін және қазақстандық брендтерді сыртқы нарықтарға кеңінен шығаруға мүмкіндік барын айғақтайды.
Ал Алматы облысында өсім қарқыны бұдан да жоғары. Өңірдің тауар айналымы 15,6 пайызға өсіп, 4,2 млрд АҚШ долларына жетті. Экспорт көлемі 28 пайызға ұлғайып, 1,1 млрд доллардан асты. Ең маңыздысы – өсімнің негізгі қозғаушы күші дайын өнім өндірісі болып отыр. Бұл экономиканың шикізаттық моделінен индустриялық-аграрлық бағытқа біртіндеп ауысып жатқанын көрсетеді. Нәтижесінде агломерация аясында бірыңғай экономикалық экожүйе қалыптасуда: Алматы қаласы – басқару, қаржы, сауда және логистика орталығы болса, ал облыс ауқымды өнеркәсіптік өндірістің базасына айналуда.
Арман Шаққалиевтің айтуынша, қызмет көрсету экспорты өсімнің қосымша бағыты бола алады.
"Алматы қазірдің өзінде шетелге іскерлік және ІТ-қызметтерді экспорттау бойынша елде көш бастап тұр. Оның көлемі 300 млн АҚШ долларынан асады. Зияткерлік меншік, цифрлық шешімдер, консалтинг, қаржы, жарнама және аналитика шикізаттық емес экспорттың жаңа драйверлеріне айналып, білім экономикасы мен креативті индустриялардың дамуына негіз қалайды", – деді министр.
Экспорттық белсенділікті электронды сауда да жандандырып отыр. Қазақстандағы онлайн-сатылымның жартысынан астамы Алматының үлесіне тиесілі, оның көлемі шамамен 3 трлн теңгені құрайды. Бұл – шағын және орта бизнес үшін сыртқы нарықтарға шығуға дайын инфрақұрылым. Ол транзакциялық шығындарды азайтып, отандық компаниялардың жаһандық жеткізу тізбектеріне жылдам қосылуына мүмкіндік береді.
Сауда министрлігінің бағалауынша, Алматы агломерациясының жиынтық экспорттық әлеуеті шамамен 1,5 млрд АҚШ долларына тең. Оның негізгі бөлігі қосылған құны жоғары өнімдерге тиесілі. Өсім резервтері, ең алдымен, дайын өнім өндірісінде шоғырланған. Атап айтқанда, бұл – азық-түлік өнеркәсібі, химия және машина жасау салалары. Сонымен қатар фармацевтика, құрылыс материалдарын өндіру және ІТ секторында да елеулі мүмкіндік бар. Осы бағыттарда терең өңдеуді дамыту мен өндірістік кооперацияны күшейту өңір экономикасына, жұмыспен қамтуға және салық түсімдеріне мультипликативтік әсер береді.