Чунцинде "Алматы – Чунцин – Алматы" бағытының ресми ашылу рәсімі өтті. Жаңа бағыт FlyArystan компаниясының Қытайдағы Үрімжі, Құлжа және Сиань қалаларына қатынайтын рейстері қатарын толықтырды.
FlyArystan президенті Йохан Эйдхаген жаңа әуе бағыты Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік және мәдени байланыстарды дамытуға ықпал ететінін айтты.
"Бүгінгі рейс – Чунцин мен Қазақстан арасындағы жаңа әуе қатынасының бастауы ғана емес, екі елдің халқын, бизнесі мен мәдениетін жақындастыратын маңызды көпір. Бұл бағыт Батыс Қытай мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа жол ашады", – деді ол.
Компания өкілінің айтуынша, жаңа бағыт Чунцин мен Батыс Қытайдың басқа өңірлерінен Қазақстанға келетін жолаушылар үшін тікелей әуе қатынасын қамтамасыз етеді. Өз кезегінде қазақстандықтар да Чунцинге және Қытайдың батысындағы өзге қалаларға ыңғайлы түрде бара алады.
FlyArystan коммерциялық бағыты бойынша вице-президенті Маттео Чекконидің мәліметінше, рейстер аптасына екі рет орындалады. Бағытта 180-188 жолаушыға арналған Airbus A320ceo және Airbus A320neo ұшақтары пайдаланылады.
Чунциннен рейстер бейсенбі және жексенбі күндері таңертең, ал Алматыдан сәрсенбі және сенбі күндері кешке ұшады.
Компания алдағы қысқы маусымда Қытайдағы бағыттар желісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Астана мен Үрімші арасында жаңа тікелей рейс ашу көзделген.
Алматы – Чунцин бағыты бойынша ұшу уақыты шамамен 5 сағатты құрайды.