Алматы облысы Үндістанмен инвестициялық ынтымақтастықты күшейтпек

211

2025 жылы өңір мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 30,7 млн долларға жетті.  

Алматы облысы Үндістанмен инвестициялық ынтымақтастықты күшейтпек Фото: gov.kz

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангалмен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Биыл Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 34 жыл толды. Осы кезеңде екі ел арасындағы байланыстар түрлі бағытта дамып келеді.

Былтыр Алматы облысы мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 30,7 млн АҚШ долларына жетіп, бір жылда 24%-ға өскен. Қазір өңірде Үндістан капиталының қатысуымен бес кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар екі елдің бірлескен төрт кәсіпорны бар.

Бүгінде облыста үндістандық инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 278 млрд теңге болатын екі жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобалар Қонаев қаласында туризм және білім беру салаларын дамытуға бағытталған. Олардың іске қосылуы нәтижесінде 4 225 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

"Үндістан заманауи технологиялық және индустриялық кластерлерді дамытуда айтарлықтай тәжірибеге ие. Бангалор, Хайдарабад және Ченнай сияқты орталықтар соның айқын дәлелі. Алатау қаласында ірі жобаларды іске асыру және Қонаев қаласын дамыту барысында Үндістанның озық тәжірибесін зерделеп, инжиниринг, цифрлық технологиялар, инфрақұрылым салаларында үндістандық компаниялармен ынтымақтастықты арттыра аламыз деп сенеміз. Біз өз тарапымыздан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз", – деді Марат Елеусізұлы.

Өз кезегінде Сайлас Тангал Үндістанның Қазақстанмен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды жандандыруға мүдделі екенін айтты. Оның мәліметінше, биыл наурыздан бері Қазақстанға фармацевтика, зергерлік және өнеркәсіп салаларының өкілдерінен құралған бірнеше ірі іскерлік делегация келген.

Қазан айында Үндістаннан тағы бір ірі делегацияның Қазақстанға келуі жоспарланып отыр. Сапар барысында үндістандық компаниялар Алматы облысындағы инвестициялық жобалармен танысып, іскерлік кездесулер өткізеді.

Кездесу қорытындысында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу