Алматы облысында 138 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріледі

1105

Қазіргі кезде Ескелді, Алакөл, Ақсу, Көксу аудандарында Ислам Даму банкінің қаржысы есебінен қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Алматы облысында 138 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріледі

Алматы облысындағы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі биылғы жылы 3,3% өсіммен 750 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Ал Жетісудағы ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция негізгі капиталға тартылған инвестицияның 8,5 %-ін құрап отыр, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

Алматы облысында Трансұлттық компаниялардың қатысуымен жүзеге асқан ірі жобалар бар. Мәселен 2018 жылы полуфабрикаттар өндіретін "Маревен Фуд" зауыты іске қосылған болатын. Алда картоп өңдейтін "Фарм Фритс" және ұсақ мал етін тереңнен өңдейтін "Бауманн" жобаларын іске асыру міндеті тұр.

Облыс басшысының айтуынша, биылғы жылы аймақта ауыл шаруашылығының өңделген өнімдерінің экспорты 3%-ке өсіп, 82,5 млн АҚШ долларын құрайтын болады, 4 мың тонна ет экспорттау, соның ішінде 2 мың тонна ірі қара етін экспортқа шығару жоспарланған.

"Өңірде жасалып жатқан ауыл шаруашылығы жерлеріне аудит жүргізу және цифрландыру ісін сапалы және өз уақытында аяқтауымыз керек. Сол сияқты су ресурстарына, сумен қамту инфрақұрылымдарына, ирригациялық жүйелерге түгендеу жасау оларды жөндеуге, қайта жаңғыртуға, құрылысын жүргізуге, суармалы жерлерді айналымға енгізуге нақты жоспарлар жасап, іске кірісуге мүмкіндік береді. Бізде бұл жұмыстар жүріп жатыр, құжаттандыруды аяқтадық. Қазіргі кезде Ескелді, Алакөл, Ақсу, Көксу аудандарында Ислам Даму банкінің қаржысы есебінен қалпына келтіру жұмыстары жасалуда. 2023 жылға дейін 138 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз, соның 40 мыңы биылғы жылдың үлесінде болуға тиіс. Жер – өндірістің ең басты факторы. Бұл мәселеде тиімді жұмыс істемей ауылды дамыта алмаймыз", – деді Амандық Баталов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу