Бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі 5 пайыз, ал бастапқы жарна 10 пайыздан басталады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оған білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала, энергетика және коммуналдық шаруашылық қызметкерлері қатыса алады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне де мүмкіндік берілген. Бағдарламаға 18-ден 60 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары қатыса алады. Үміткердің зейнетақы аударымдары болуы және соңғы 2 жыл бойы ресми жұмыс істеуі қажет. Сонымен қатар соңғы 24 айда жеке баспанасы болмауы тиіс.
Ең алдымен құжаттарды әкімдік тексереді. Одан кейін өтінімдерді облыстық комиссия қарап, қатысушылар балдық жүйе арқылы іріктеледі. Өтінімдер Қонаев қаласындағы "Шахнұр" бизнес-орталығында қабылданып жатыр.
Құжаттарды дүйсенбі-жұма күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін, сенбі күні сағат 13:00-ге дейін тапсыруға болады.