Алматы облысында екі баланы қағып кеткен Cobalt жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Балалардың бірінің әкесі екі жеткіншек дүкен маңында балмұздақ жеп отырғанын айтады. Көлік балаларды қағып, еш кідірместен оқиға орнынан бой тасалаған.
Зардап шеккен балалар ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, балаларды қағып кету дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
– Жол-көлік оқиғасынан кейін оқиға орнынан қашып кеткен 65 жастағы жүргізуші ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайын объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – делінген полиция хабарламасында.