Алматы облысында биыл 100 мың тоннаға жуық алма жиналады

387

Алма төрт елге экспортталады.  

Алматы облысында биыл 100 мың тоннаға жуық алма жиналады Фото: gov.kz

Биыл Алматы облысында 100 мың тоннаға жуық алма жинау жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның 80 пайызы ішкі нарыққа жөнелтілсе, 20 пайызы Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей және Беларуське экспортталады. Өнімнің шамамен 10 пайызы шырын, пюре, тосап және басқа да өнімдер өндіруге бағытталады, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қазір өңірдегі алма бақтарының жалпы аумағы 9,9 мың гектарды құрайды. Оның 2,2 мың гектары – интенсивті бақтар. Алма өндірісінен Еңбекшіқазақ ауданы көш бастап, жыл сайын 34,1 мың тонна өнім жинайды. Одан кейін Ұйғыр, Талғар, Қарасай және Жамбыл аудандары тұр.

Облыста алманың 21 сорты өсіріледі. Олардың қатарында Алматы апорты, фуджи, гала, голден делишес, синап және айдаред бар. Халықаралық нарықта әсіресе гала сұрпына сұраныс жоғары.

Соңғы үш жарым жылда өңірде 282 мың тоннадан астам алма жиналып, 1,5 мың тоннасы шетелге экспортталған. Экспорттан түскен табыс шамамен 1,5 млн АҚШ долларын құрады. Қазір Еуропа, Қытай, Орталық Азия және Таяу Шығыс нарықтарына экспортты арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алматы облысында апорт алмасын қайта жаңғыртуға да басымдық берілген. Бүгінде апорт бақтарының аумағы шамамен 2,3 мың гектарға жетіп, жылына 6,6 мың тонна өнім жиналады.

Сонымен қатар жеміс-жидекті сақтау және қайта өңдеу инфрақұрылымы дамып келеді. Соның бірі – жылына 80 мың тонна жеміс-көкөніс өңдеуге қауқарлы "QAZAQ Global Food JV" зауытының жобасы. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін алманы ұзақ сақтап, маусымаралық кезеңде нарыққа шығаруға және экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік туады.

Өңірде шағын шаруашылықтар да алма өндірісін дамытып отыр. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданындағы "Хишманов" бағында биыл 24-28 тонна өнім жинау жоспарланған. Шаруашылықта тұрақты 15 адам еңбек етеді, ал жиын-терім кезінде жұмысшылар саны 45 адамға дейін артады.

Қазір облыста алма өнімділігін арттыру, отандық сорттарды сақтау, жаңа бақтар отырғызу және заманауи суару жүйелері мен цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл шаралар жергілікті өнімнің көлемін арттырып, экспорттық әлеуетін күшейтуге бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу