Алматы облысында мәйіті өртелген полицейге қатысты тергеу аяқталды

1016

Іс сотқа жолдау үшін прокуратураға берілді.  

Алматы облысында мәйіті өртелген полицейге қатысты тергеу аяқталды Фото: bes.media

Алматы полициясы 37 жастағы жедел уәкіл Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Полиция мәліметінше, тергеу Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі – ауырлататын мән-жайларда адам өлтіру бабы бойынша жүргізілген. ІІМ тергеу құпиясына байланысты істің басқа да мән-жайларын жарияламады.

Оқиға 23 маусымда Алматы облысының таулы аймағында болған. Көкпек – Көктал – Кеген жолының 52-шақырымында малшы өртенген адам денесін тауып алған. Кейін оның Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Аслан Әлсеров екені анықталды. Марқұмның оң қолынан арқанның қалдықтары табылған.

Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыс Алматыдағы отбасылық пәтерде жасалған. Кейін мәйітті ізді жасыру мақсатында шамамен 300 шақырым жердегі таулы аймаққа апарып, өртеген.

Іс бойынша Әлсеровтің әйелі мен 14 жастағы ұлы күдікке ілінді. Марқұмның әйелі бұған дейін полицияда қызмет еткен. Ерлі-зайыпты 15 жыл бірге тұрып, жеті бала тәрбиелеген.

Алғашында қылмыстық іс адам өлтіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен тіркелген. Кейін іс-әрекет ауырлататын мән-жайларда адам өлтіру ретінде қайта сараланған. Бұл бап бойынша күдіктілерге 15 жылдан бастап бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу