Алматы облысында мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен екі қылмыстық топтың мүшелері ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олардан ұрланған 20-дан астам ірі қара мен 68 қой тәркіленіп, иелеріне қайтарылды.
ІІМ мәліметінше, күдіктілердің бірі төрт адамнан құралған. Олар мал ұрлығының сегіз дерегіне қатысы бар деген күдікке ілінді. Тергеу барысында олардың еркін жайылымда жүрген 20-дан астам ірі қара мен 47 қойды ұрлап, жергілікті тұрғынға сатқандығы анықталған.
Ал үш адамнан құралған екінші топ шаруа қожалығының аумағына заңсыз кіріп, қорадан 21 қойды ұрлады деген күдікке ілінді. Ұрланған барлық мал тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылды.
Қазіргі уақытта барлық күдікті қамауға алынған. Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
– Жалпы жыл басынан бері Алматы облысында мал ұрлығы 36%-ға азайған. Полиция 80-нен астам мал ұрлығы дерегін ашып, 75 күдіктіні, оның ішінде 14 қылмыстық топтың мүшелерін ұстады. Заңды иелеріне 400-ден астам мал қайтарылып, 150 млн теңгеден астам шығын өтелді.
Республика көлемінде жыл басынан бері мал ұрлығына қатысы бар 566 адам ұсталды. Олардың қатарында 142 қылмыстық топтың мүшелері бар. 4 мыңнан астам мал иелеріне қайтарылып, 800 млн теңгеден астам шығын өтелді.
ІІМ әрбір азаматтың мүлкі заңмен қорғалатынын атап өтеді. Азаматтардың мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ жасалған қылмыс үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету полиция қызметінің басым бағыттары болып қала береді. "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында мал ұрлығына қарсы жұмыс жүйелі түрде жалғасын табады, – деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің өкілі Бекзат Кемал.