Алматы облысында "Орта Қақпақ" су электр станциясы іске қосылды

343

Жобаның жалпы құны - 1,5 млрд теңге.  

Алматы облысында "Орта Қақпақ" су электр станциясы іске қосылды Фото: Алматы облысының әкімдігі

Алматы облысының Райымбек ауданында қуаттылығы 2,2 мВт "Орта Қақпақ" су электр станциясы пайдалануға берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz әкімдікке сілтеме жасап.

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, "Орта Қақпақ" су электр станциясы жылына 13 млн КВт электр қуатын өндіреді. Мұндағы су құбырының ұзындығы – 4 шақырым. "Қайнар" қосалқы станциясына ұзындығы 12 шақырым болатын 10 КилоВольттық желі тартылған. Өндірілген қуат көзі сол арқылы таратушы компанияға жеткізіліп, одан ары тұтынушыларға беріледі.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өңір баламалы энергия өндіруге ыңғайлы екенін атап өтті.

"Біздің облыс баламалы энергетикаға өте ыңғайлы. Жел жағынан болсын, күн жағынан болсын, су жағынан болсын жақсы. Сол себептен оны дамытуға тиістіміз. Ол экологияға да, адамға да, бәріне пайдалы", - деді әкім.

Жобаны жүзеге асыру барысында 45 адам жұмыспен қамтамасыз етілсе, енді автоматты түрде басқарылатын заманауи су электр станциясында 4 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыс істейтін болады.

Су электр стансасының құрылысын "Бизнестің жол картасы" мемлекеттік бағдарламасы аясында "DAMU" инвестициялық қорының қолдауымен осы жобаға қатысушы "Tekes Energy" ЖШС қаржыландырды.

"Жоба бастапқыда 1,2 млрд теңгеге бағаланған. Кейін инфляцияға байланысты оның құны 1,5 млрд-қа дейін өсті. Біз бұл міндеттерді сәтті орындадық. Қуаттылығы жылына 13 миллион кВт/сағ болатын жоба тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оның үстіне стансаның қуаты су деңгейінің өзгеруіне бейімделеді", - деді жоба жетекшісі Жанұзақ Қонаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу