Алматы облысында пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекетке қайтарылуда

138

Бүгінде жалпы аумағы 483,6 мың гектарды құрайтын 1 488 жер телімі мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Алматы облысында пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекетке қайтарылуда Фото: canva

Алматы облысында 2022 жылдан бастап жерді мемлекет меншігіне қайтару бағытында жоспарлы жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл туралы облыстың ресми сайты жариялады.

Қайтарылған жерлердің игерілуі:

  • 165,6 мың гектар конкурс арқылы ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді;
  • 142,3 мың гектар ауылдық округтерге бекітіліп, тұрғындарды жайылыммен қамтамасыз етуге бағытталды;
  • 18,6 мың гектар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға берілді.

2022–2025 жылдары аудан және қала әкімдіктері ҚР Жер кодексінің 92, 94 және 147-баптарына сәйкес жалпы аумағы 195,6 мың гектарды құрайтын 930 пайдаланылмай жатқан жер учаскесіне қатысты материалдарды Жер ресурстарын басқару департаментіне жолдады.

2025 жылдың басынан бері Қонаев қаласының әкімдігі де бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, ЖРБД-ға 55 жер учаскесі бойынша (42-сі – коммерциялық, 13-і – ауыл шаруашылығы мақсатындағы) құжаттарды жолдады. Аталған жерлер Капшагай су қоймасы мен Іле өзенінің маңында орналасқан. Сонымен қатар жер пайдаланушыларға 61 ескерту-хат жіберілді.

Бұрынғы лауазымды тұлғаларға тиесілі болған кейбір жерлерге қатысты деректер де қарастырылып жатыр.

  • 2006 жылы Іле ауданы әкімдігінің қаулысымен "Монтажник" шаруашылығына 13 883,9 га жер бөлінген;
  • 2005–2007 жылдары "DALA INVEST GROUP" ЖШС-не 2 952,07 га жер берілген;
  • 2022 жылы "AL-AGRO GROUP" ЖШС-не 44,93 га жер нотариалдық келісім негізінде өткен;
  • Алатау қаласында 28,7 га жер телімі тіркелген;
  • 2013–2025 жылдары "Billboards Empire" ЖШС Іле ауданында, Қонаев және Алатау қалаларында жарнамалық билбордтарға арналған 38 жер учаскесін рәсімдеген.

Барлық шешімдер қолданыстағы заңнамаға сәйкес қабылданды. ҚР Жер кодексінің 147-бабына сәйкес, жерді бөлу және пайдалану заңдылығын тексеру құзыреті Жер ресурстарын басқару департаментіне тиесілі. Қажетті шаралар қабылданғаннан кейін қосымша ақпарат ресми түрде жарияланатын болады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу