Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Балқаш-Алакөл бассейндік су инспекциясының, "Қазсушар" РМК-ның Жетісу филиалы және Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалы басшыларының қатысуымен кеңес өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Нұржан Нұржігітов Балқаш-Алакөл бассейні аумағында 2025 жылы атқарылған жұмыстар және алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық барысы туралы баяндамаларды тыңдады.
Қазіргі таңда Алматы облысында магистральдық және шаруашылықішілік каналдардың, сондай-ақ 15 су қоймасындағы шаруашылықішілік каналдардың 300 шақырымнан астамы механикалық жолмен тазартылды. Сонымен қатар 35 гидробекет тазаланды.
Жетісу облысында 3 шақырым қорғаныс бөгеті абаттандырылып, жөнделді, 14,8 шақырым су бұру каналдары мен арықтар ретке келтірілді, 261,8 шақырым каналдар мен өзендер механикалық тазалаудан өтті, сондай-ақ 8,9 шақырым өзен арналарының түбі тереңдетіліп, түзетіліп, жағалаулары нығайтылды.
Алматы қаласында 1,5 мың шақырымнан астам арық тазартылып, 548 мың текше метр қар шығарылды. Сондай-ақ Үлкен Алматы, Есентай, Қарғалы, Тіксай және Сұлтанка өзендерінің арналары тазаланды. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 37,3 шақырым болатын төрт өзеннің арнасында абаттандыру және жағалауды нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында су тасқынына дайындық бойынша жоспарланған 12 іс-шараның 11-і толық аяқталды. Оның ішінде жағалауларды, бөгеттер мен көпірлерді нығайту, сондай-ақ каналдар мен өзен арналарының тазалануы бар.
Кеңес қорытындысы бойынша министр Балқаш-Алакөл бассейндік су инспекциясына және "Қазсушар" РМК филиалдарына бірқатар маңызды тапсырма берді.
"Инспекция "Қазгидромет" РМК-мен бірлесіп бассейн аумағындағы су ресурстарымен қамтамасыз етілу деңгейіне талдау жүргізуі тиіс. Сондай-ақ Жерасты сулары департаментімен және Ұлттық гидрогеологиялық қызметпен бірге тік дренаж ұңғымаларын түгендеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұдан бөлек, Су кодексіне сәйкес және белгіленген мерзімде су объектілерінде су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жұмыстары жүзеге асырылуы керек. Ал "Қазсушар" РМК филиалдары қызметкерлерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасы аясындағы құрылыс-монтаж жұмыстарын бақылауға алып, жыл сайын кемінде 1000 шақырым каналда механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуі қажет", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.