Алматы облысында жолдардың 36 пайызы талапқа сай емес

546

Алматы облысында жаңадан салынған жолдардың 36 пайызы талапқа сай емес. Бұл туралы Жол активтері ұлттық сапа орталығының Алматы облыстық филиалының мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Алматы облысында жолдардың 36 пайызы талапқа сай емес

Мердігерлердің жіберген олқылығы арнайы сынаманы зертханада тексеру кезінде анықталған. Жалпы, филиал мамандары жыл басынан бері 469 сынама алған. Нәтижесінде 64 пайызы ғана тиісті талапқа сәйкес келген. Яғни, жаңа асфальттардың біраз бөлігі сапасыз болып шыққан.  

"Тығыздалу коэффициенті, оның сумен қанығуы талаптарға сай болмай жатады. Егер жол жамылғысы құрылыс процесі кезінде дұрыс нығыздалмаса жол табанының тереңдігі артып, жол қауіпсіздігіне әсер етеді", – дейді "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК Алматы облыстық филиалының зертханашысы Нұрдәулет Мықтанбек.

Жол активтері ұлттық сапа орталығының мамандары жаңадан төселген жолдардың нормаға сай немесе сай еместігін тексереді. Енді филиал өкілдері республикалық және облыстық маңызы бар тас жолдардың ғана емес ауыл мен елдімекен арасын жалғайтын қара жолдардың да сапасын қадағалайтын болады.  

"Біздің қызметіміздің мақсаты – жолдарды салу, қайта құру, жөндеу және күтіп-ұстау, сондай-ақ жол активтерін басқару саласындағы жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптау. Бұрын аймақтық зертханалар республикалық жолдың сапасын тексеріп, оның кемшіліктерімен күрессе, қазір құрылған орталық барлық жалпыға ортақ жолды, соның ішінде жергілікті жолдарды тұтас қамтиды", – дейді "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК Алматы облыстық филиалының жол инженері Руслан Қашқынбай.

Ал өткен жылы Алматы облысындағы жолдардан 2100-ден астам сынама алынған. Соның 57 пайызы стандартқа сай болса, 43-де тиісті талаптардың сақталмағаны белгілі болған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу