Алматы облысындағы саяжайларда 188 мың адам тұрады

266

333 саяжайды жақын маңдағы елді мекендерге қосу жөнінде шешім қабылданды.  

Алматы облысындағы саяжайларда 188 мың адам тұрады Фото: time.kz

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте саяжайлар мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Облыс әкімінің сөзінше, Алматы агломерациясына кіретін аудандардағы саяжай мәселесі көп жылдан бері шешімін таппай келеді. Оған саяжайларда инфрақұрылымның жүргізілмеуі себеп.

"Жыл 12 ай тұруға арналмаған 674 саяжайда 188 мың адам тұрады. Елді мекен мәртебесі болмағандықтан, стандарттарға сай жолдармен, сумен, кәріз жүйесімен, газбен, көшелерді жарықтандырумен қамтамасыз ету мүмкін емес. Облыс бойынша шығатын сыни ақпараттар саяжайларға байланысты. Бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін 333 саяжайды жақындағы елді мекендерге қосу жөнінде шешім қабылдадық. Қазіргі уақытта олардың жаңа бас жоспарлары жасалып жатыр", - деді аймақ басшысы.

Марат Сұлтанғазиев осыдан кейін кезең-кезеңмен инфрақұрылым жүргізу қолға алынатынын баса айтты.

"Алматы агломерациясының елді мекендерін, оның ішінде саяжайларды автобус қатынасымен толық қамту мақсатында коммуналдық автобус паркі құрылды. Биыл барлығы 37 елді мекенді қамтитын 12 жаңа маршрут ашылды, оның 4-уіне мемлекеттік автопарк қызмет көрсетеді. Былтыр субсидия көлемі 200 млн теңге болса, биыл 1,3 млрд теңгеге дейін артты. Бұл әлеуметтік бағыттардың санын 59-ға жеткізуге мүмкіндік берді", - деп атап өтті спикер.

Биыл мектеп оқушыларын тасымалдау үшін қосымша 34 автобус сатып алынған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу