Алматы облысының әкімі Президентке экономиканың қай секторларына ерекше көңіл бөлетінін айтты

521

Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Алматы облысының әкімі Президентке экономиканың қай секторларына ерекше көңіл бөлетінін айтты

Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыстың қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен даму перспективалары жөнінде баяндалды.

Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазіргі кезеңде облыстың экономикасында оң өзгерістер байқалады.

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласының даму көрсеткіші – 102,8, өңдеу өнеркәсібінің өсімі – 105,2, сауда – 103, құрылыс – 114,3 пайызға артқан. Облыс әкімдігі жыл соңына дейін осы қарқынды сақтап қалуға ниетті.

Президент азаматтардың сенімін ақтау, сондай-ақ облыс тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту үшін нақты шаралар қабылдау маңызды екенін айтты.

Мемлекет басшысына әкімшілік-аумақтық реформалардан кейінгі жаңа мүмкіндіктерді ескере отырып, Алматы облысы мен Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына өзгерістер енгізілетіні жөнінде ақпарат берілді. Әкімнің айтуынша, құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, сауда және туризм сияқты экономиканың инвестициялық тартымды секторларына ерекше көңіл бөлінеді.

Марат Сұлтанғазиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс орталығын Қонаев қаласына көшіру жұмыстары жөнінде баяндады. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері үшін қажетті жағдай жасауға бағытталған кешенді шаралар жөнінде есеп берілді.

Президент жаңа әкімге облыс тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, үш ауысымдық мектептерге, ирригациялық жүйелерді жаңартуға, медицина және қоғамдық көлік мәселелерін шешуге қатысты бірқатар міндет жүктеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу