Алматы облысының бюджетіне туризмнен 3,9 млрд теңге түсті

185

Өңірге жыл басынан бері 113 мыңнан астам шетелдік турист келген.  

Алматы облысының бюджетіне туризмнен 3,9 млрд теңге түсті Фото: mnt.kz

Алматы облысының бюджетіне биылғы алғашқы сегіз айда туризм саласынан 3,9 млрд теңге түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,3%-ға көп, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Былтыр алғашқы жарты жылдықта бюджетке 2,8 млрд теңге түскен.

Өңірде туристер санының артуы мен көрсетілетін қызмет түрлерінің көбеюі салық түсімдерінің өсуіне әсер еткен. Қаңтар-маусым айларында облыстағы қонақ үйлер мен демалыс орындары 263 776 туристі қабылдаған. Осы кезеңде көрсетілген қызмет көлемі 8,34 млрд теңгеге жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 6,39 млрд теңге болған. Яғни бір жылда қызмет көлемі 30,5 пайызға артқан.

Туристерді қабылдайтын нысандардың саны да артқан. Өткен жылы облыста мұндай 285 нысан болса, биыл олардың саны 308-ге жетті.

"Әрбір турист өңір экономикасына өз үлесін қосады. Ол қонақ үйде тоқтайды, тамақтанады, көлік пайдаланады, экскурсияға барады, жергілікті жерден тауар сатып алады. Яғни турист келген сайын жергілікті кәсіпкерлердің де табысы артады. Бұл өз кезегінде бюджетке түсетін салықты көбейтеді. Биыл алғашқы сегіз айда туризмнен бюджетке 3,9 млрд теңге түсті. Туризм өңір қазынасына табыс әкеліп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік беретін маңызды сала. Сондықтан туристер санын арттырумен қатар, олардың өңірде көбірек уақыт өткізіп, сапалы қызмет алуына жағдай жасауға мән береміз", – деді Алматы облысы туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы.

Шетелдік туристер саны бойынша Алматы облысы республикада үшінші орында. "eQonaq" жүйесінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірге 113 659 шетелдік саяхатшы келген.

Туристер ең көп барған орындардың қатарында "Іле-Алатау", "Көлсай көлдері" және "Шарын" ұлттық парктері бар. Биылғы сегіз айда аталған үш ұлттық паркке 1,92 млн турист келген. Оның ішінде "Іле-Алатау" ұлттық паркіне – 1 324 393, "Көлсай көлдеріне" – 399 063, "Шарын" шатқалына 202 117 адам барған.

Сонымен қатар Қонаев қаласындағы Қапшағай жағалауына биыл 2 млн демалушы келген. Қазір облыста туризм саласында 48 туроператор мен 24 гид жұмыс істейді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу