Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Бақтияр сай шатқалында болған құрғақ шөп өрті толықтай сөндірілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өрт Байдібек би ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан мемлекеттік жер қоры аумағында шыққан. Өртті сөндіру жұмыстарына ТЖМ бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылығы қызметкерлері жұмылдырылды.
Тілсіз жаумен күреске 70 маман, 15 бірлік техника, сондай-ақ ТЖМ "Қазавиақұтқару" авиациясы тартылды. Авиация көмегімен өрт аумағына 17 рет су төгіліп, жалпы көлемі 51 тонна су пайдаланылды.
Өртті сөндіру жұмыстары күннің ыстығы мен секундына 4 метрге дейін жеткен солтүстік-батыс желдің әсерінен күрделенді. Соған қарамастан, арнайы қызметтердің үйлесімді әрекеті нәтижесінде жалын толық ауыздықталды.
Қазіргі уақытта жағдай ТЖМ бақылауында.