Турист 28 қыркүйекте Талғар асуы маңында, шамамен 3200 метр биікте із-түзсіз кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, ер адам бір топ адаммен бірге "Шымбұлақ" аспалы жолы арқылы тауға көтерілген. Кейін серіктеріне сапарын жалғыз жалғастырып, қалаға өз бетімен түсетінін айтқан. Осылайша қонақүйге қайтып оралмаған.
Туристің жоғалғаны туралы хабар "112" қызметіне 29 қыркүйекте түскен. Осыдан кейін іздеу-құтқару операциясы басталып, Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел штаб құрылған.
"Іздеу жұмыстарына 50-ге жуық адам, 8 техника, 7 ұшқышсыз ұшу аппараты, 3 кинологиялық есептоп және “Қазавиақұтқару” тікұшағы жұмылдырылды", – делінген министрлік хабарламасында.
Құтқару операциясына ТЖМ бөлімшелерімен қатар Алматы қаласының мониторинг және жедел әрекет ету орталығы, "Барыс" республикалық жедел-құтқару жасағы, полиция қызметкерлері мен еріктілер қатысып жатыр.
Тікұшақ экипажы Талғар шатқалының сол жақ бөлігін, Богданович мұздығын, оған іргелес шатқалдарды, тау асулары мен шыңдарға апаратын бағыттарды әуеден тексерген. Ал дрондар жетуі қиын аумақтар мен тау соқпақтарын шолуға пайдаланылып жатыр.
Сонымен бірге мамандар бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап, осы аумақта болған туристерден ақпарат жинауда. Таудың күрделі бедері мен кейбір учаскелерге жетудің қиындығына қарамастан, іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр.