Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасы, ауданның Полиция басқармасымен бірлесіп "Көк базар" және "ГУМ" сауда үйінің аумағында рейдтік іс-шаралар өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Рейд нәтижелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 449-бабы 1-бөлігінде және 505-бабы 1-бөлігінде көзделген 5-тен астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Әрбір дерек бойынша әкімшілік хаттамалар жасалып, кінәлі тұлғалар заңда белгіленген жауаптылыққа тартылды.
Сонымен қатар аудан прокуратурасының үйлестіруімен жедел-іздестіру шаралары шеңберінде Алматы қаласының Криминалдық полиция қызметкерлері ұрланған мүліктің заңсыз айналымына қатысы бар қала тұрғынын анықтап, ұстады. Тінту барысында оның тұрғылықты жерінен ұрланған 30 ұялы телефон және 2 планшет табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта алты ұялы телефонның заңды иелері анықталды. Алынған басқа мүлік бойынша жәбірленушілерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 196-бабымен (Көрінеу қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңсыз сатып алу немесе сату) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Соттың санкциясы бойынша күдікті қамауға алынды.
Көрінеу қылмыстық жолмен алынған мүлікті сатып алу және сату үшін қамауға алу және 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жауаптылық көзделген.