Алматыда Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен (ҮАААЖ) жүру ақысын жеңілдікпен төлеуді ұсынатын жалған SMS-хабарламалар таралып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жолды басқарушы компания жүргізушілерді күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырды.
Компания мәліметінше, белгісіз нөмірлерден азаматтарға жол ақысын бөгде сілтемелер арқылы жеңілдікпен төлеуді ұсынатын хабарламалар жіберілген. Осыған байланысты жүргізушілерге тек ресми төлем арналары арқылы есеп айырысу керектігі ескертілді.
– Мұндай хабарламалар алаяқтық сипатқа ие екенін еске саламыз. Өз қауіпсіздігіңіз үшін SMS-хабарламалар арқылы келген күмәнді сілтемелерге өтпеңіз. Жол жүру ақысын белгісіз немесе бөгде ресурстар арқылы төлемеңіз. Мұндай сілтемелер арқылы банк деректеріңізді және басқа да жеке ақпаратыңызды бермеңіз, – деп хабарлады BAKAD.
kaz.inform.kz
Жеке тұлғалар ҮАААЖ ақысын Kaspi Bank, Halyk Bank және Bank CenterCredit мобильді қосымшаларындағы "Төлемдер" бөлімінен, "БАКАД. Жол жүру ақысын төлеу" қызметі арқылы төлей алады.
Банк қосымшалары қолжетімсіз болған жағдайда төлемді Visa және Mastercard карталары арқылы https://webportal.barr.kz/login/ ресми веб-порталдан немесе Qiwi-әмиян арқылы жасауға болады.
Ал кәсіпкерлік субъектілері, яғни жеке және заңды тұлғалар жол ақысын төлеу үшін оператордың есеп айырысу шотына банктік аударым жасап, дербес шотын толықтыруы қажет.
kaz.inform.kz