Алматыда 1 500-ден астам оқушы жаңартылған мектептерге оралды

332

Екі білім ордасында оқу кабинеттері мен спорт залдары жаңартылды.

Алматыда 1 500-ден астам оқушы жаңартылған мектептерге оралды Фото: gov.kz

Алматы қаласының Медеу ауданында күрделі жөндеуден кейін Қаныш Сәтбаев атындағы №56 гимназия мен №17 мектеп-интернат оқушыларды қайта қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Екінші оқу тоқсанын жаңартылған ғимараттарда 1 566 бала бастады.

№56 гимназияда 1 400 оқушы білім алады. Жөндеу барысында оқу кабинеттері, физика және химия зертханалары жаңартылып, STEM және робототехника кабинеттері ашылды. Сыныптар жаңа жиһаздармен және компьютерлік техникамен жабдықталды. Сонымен қатар спорт залы кеңейтіліп, кітапхана мен акт залы жаңғыртылды. Мектеп аумағындағы футбол, баскетбол алаңдары мен жүгіру жолы да жөнделді.

Ал №17 мектеп-интернатта 166 бала тәрбиеленеді. Мұнда жатын бөлмелер жаңартылып, 120 орындық асхана қайта жабдықталды. Балаларға бес мезгіл ыстық тамақ беріледі. Тарих, биология және ағылшын тілі кабинеттері заманауи құралдармен қамтылып, спорт залы мен сыртқы алаң да жаңартылды.

Жөндеу кезінде қауіпсіздік мәселесіне де басымдық берілген. Мектеп-интернат ғимараты сейсмикалық тұрғыдан күшейтілсе, гимназияда инженерлік коммуникациялар, бейнебақылау және өрт дабылы жүйелері жаңартылды.

Осылайша, екі білім беру мекемесінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, 1,5 мыңнан астам оқушы жаңартылған ғимараттарда оқуын жалғастырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу