Қауіпті қылмысты қайтара жасаған адамдардың қылмысы да төмендеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыс 7 пайызға төмендеген. Кәмелетке толмағандар жәбірленуші болған қылмыс саны да 4 пайызға азайды. Сонымен қатар полиция балалар мен жасөспірімдердің түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз көшеде жүрмеуін бақылап келеді.
7 айда түнгі уақытта балалары үйден жырақта, қараусыз жүргені үшін 11 мыңға жуық ата-ана жауапкершілікке тартылды.
"Кәмелетке толмағандар арасында ауыр қылмыстың алдын алуға көп көңіл бөлінеді. Қылмысты уақытылы ауыздықтау керек", – деді Тимур Ноғайбаев.
Отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыс саны 16 пайызға төмендеген. 7 айда полиция 4 мыңнан астам қорғау нұсқамасын шығарды. 808 адамға қатысты сот қайталама зорлық-зомбылыққа жол бермеуге бағытталған арнаулы шектеу белгіледі. Үйдегі зорлыққа тап болған әйелдер мен балалар дағдарыс орталығына орналасып, 37 сотқар еркек психологиялық түзетуге жіберілді.
"Біздің міндетіміз жасалған құқық бұзушылыққа ғана ден қою емес. Зардап шеккен әйелдер мен балаларды дағдарыс орталығына жіберіп, құқық бұзушыға қатысты қорғау мен түзету шарасы қолданылады", – деді спикер.
Тағы бір айтарлықтай төмендеген көрсеткіш – қауіпті қайталама қылмыс жасаған адамдардың қылмысы жеті айда 31 пайызға азайған. Полиция алкогольді заңсыз сататындармен, мас күйде қылмыс жасайтындармен де күрес жүргізіп жатыр.
"Алко-стоп" рейдтері барысында 542 құқық бұзушылық анықталды. 491 сауда нүктесі мен басқа да нысанның жұмысы тоқтатылып, 11 тоннадан астам заңсыз алкоголь тәркіленді. Алматының барлық ауданында осындай алдын алу жұмысы жүріп жатыр. Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ішімдікті заңсыз сату мен мас күйде жасалатын қылмысты полиция назарда ұстап отырады.