Алматының Наурызбай ауданындағы су құбыры кешенін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Асқаров көшесі, 33/2 мекенжайында орналасқан нысан Наурызбай және Бостандық аудандарының 15 мыңға жуық тұрғынын сумен қамтамасыз етеді.
Жаңғырту аясында бес сорғысы бар екінші көтерілімдегі жаңа сорғы станциясы салынды. Оның үшеуі негізгі, екеуі резервтік режимде жұмыс істейді. Сонымен қатар жалпы сыйымдылығы 2 мың текше метр болатын екі таза су резервуары жаңартылып, инженерлік желілер қайта жаңғыртылды. Нысанға судың берілуін бақылауға арналған заманауи автоматтандырылған жүйе орнатылды.
Бұдан бөлек, трансформаторлық қосалқы станциясы бар қызметтік ғимарат жаңартылып, жаңа бақылау-өткізу пункті салынды. Электрмен жабдықтау, сыртқы жарықтандыру және қауіпсіздік жүйелері де жаңғыртылды.
Қазір нысан пайдалануға берілді. Мамандардың айтуынша, атқарылған жұмыстар су тұтыну көлемі артқан кезеңдерде де құбыр желісіндегі қысымды тұрақты ұстап тұруға және сумен жабдықтаудағы уақытша үзілістер қаупін азайтуға мүмкіндік береді.