Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов 2025 жылдың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, былтыр құқық бұзушылықтар саны 11,9%-ға, қылмыстар саны 11,8%-ға азайған. Ауыр және аса ауыр қылмыстар 3,8% төмендеген. Оның ішінде кісі өлтіру, қарақшылық, тонау және ұрлық сияқты қылмыс түрлерінің азайғаны байқалған.
Айдын Қабдұлдинов қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі құралдарының бірі – цифрландыру екенін атап өтті. Қазір Алматы қаласында 186 мыңнан астам бейнебақылау камерасы бар, оның 66 мыңнан астамы жедел басқару орталығына қосылған.
– Олардың көмегімен шамамен 1,5 мың қылмыс ашылып, 9 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Камералар – жазалау құралы емес, ең алдымен құқық бұзушылықтың алдын алу мен азаматтарды қорғаудың тиімді тетігі, – деді департамент басшысы.
Ал мектептер мен балабақшаларда 17 мыңнан астам камера орнатылған және мемлекеттік білім беру ұйымдары 100% полициямен байланысы бар дабыл түймелерімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар 15 мыңнан астам камерада жасанды интеллект элементтері қолданылып жүр.