25 ақпанда сағат 11:00–де қалалық төтенше жағдайлар қызметі "Көктем-2026" республикалық оқу-жаттығуы аясында халықты құлақтандыру жүйесіне техникалық тексеру жүргізеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тексеру кезінде "Барлығыңыздың назарыңызға!" дабыл сигналы бойынша қала аумағындағы сиреналар аз уақытқа қосылады. Сондай-ақ сынақ хабарламасын тарату үшін теле және радиоарналарды уақытша тоқтату жүйесі іске қосылады.
Тұрғындар дыбыстық сигналды естіген кезде теледидарды немесе радиоқабылдағышты қосуы, ресми интернет-ресурстар мен мобильді қолданбалардағы ақпаратпен танысуы және ұсынылған нұсқауларға мұқият бағынуы керек.
Сонымен қатар 25-26 ақпанда қаланың әр ауданында өзен арналары мен арық жүйелерін тазалау бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Қазіргі уақытта су тасқыны жағдайы бақылауда, қаланың жедел қызметтері алдын ала қажетті профилактикалық шараларды атқарды.
Ведомствоның мәліметінше, маусымдық өзгерістер негізінен қалың жауын-шашын мен көктемгі қардың еруіне байланысты, бұл Алматы үшін қалыпты құбылыс болып есептеледі. Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында қала аумағынан 150 мың текше метрге жуық қар шығарылды.