Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы бойынша құрылыс саласындағы тәртіпті сақтау үшін жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қаладағы бірнеше құрылысты тексерген кезде төрт компания лицензиясынан айырылып, 350 құрылыс компаниясының лицензиясының қолданылуы тоқтатылды. Сонымен бірге әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысымен айналысатын мердігер ұйымдардың қызметіне ерекше назар аударылды.
Алматы қаласы әкімдігінің мәліметіне қарағанда, мысалы "SK BEST Spec Story KZ" ЖШС жобалау қызметінің І санаттағы мемлекеттік лицензиясынан айырылды. Сонымен бірге "Отау-Құрмет" ЖШС мен "ҚазҚСҒЗИ" АҚ ЕҰ құрылыс саласындағы жұмысын тоқтатты. Ал "Сәулет Құрылыс Консалтингі" ЖШС лицензиясының жекелеген қосалқы түрінің күші жойылды.
Қала құрылысын бақылау басқармасының өкілдері Алматыда өз біліктілігін дәлелдей алатын, белгіленген талаптарды сақтайтын және құрылыс жұмыстарының сапасын қамтамасыз ететін компаниялар ғана жұмыс істей алатынын ескертті.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 8 құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылған болатын. Олардың басым бөлігі әлеуметтік нысандардың құрылысымен айналысқан.