Алматыда 2026 жылдың басынан бері әлеуметтік қолдауға мұқтаж 8 192 тұрғынға арнайы әлеуметтік қызмет көрсетілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Арнайы әлеуметтік қызмет ерекше қажеттілігі бар адамдарға, қарттарға және өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға ұсынылады.
Жыл басынан бері стационарлық жағдайда 1 402 адам қызмет алса, жартылай стационарлық форматта 1 399 азаматқа көмек көрсетілді. Үй жағдайында 4 614 адамға, оның ішінде жалғыз тұратын зейнеткерлер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға әлеуметтік қызмет ұйымдастырылды.
Сонымен қатар 777 азаматқа, оның ішінде тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге және әлеуметтік қолдауды қажет ететін өзге де тұрғындарға уақытша болу қызметі ұсынылды.
Қалада әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды оңалту, қоғамға бейімдеу және жан-жақты қолдау жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді.