Алматы қаласында "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында білім беру инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоспарға сәйкес, жаңа оқу жылы басталғанға дейін қалада жалпы сыйымдылығы 11 мыңнан аса орын бар 8 жаңа мектеп ашу көзделіп отыр.
Бұған дейін бір оқу жылы ішінде 13 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, оқушы орындарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ, 10 500 орындық тағы 7 мектептің құрылысы аяқталып, оларды білім беру жүйесіне тапсыру рәсімі жүріп жатыр. Зерделі шағынауданында жергілікті бюджет есебінен 550 орындық жаңа мектеп те салынды.
Білім беру нысандарын жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізілуде. 2025-2027 жылдар аралығында қаладағы 26 мектепке кешенді күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Биыл №50 және №73 мектептер толық жаңартылды, ал тағы 11 мектепте жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Сонымен бірге, Алматыдағы 227 мемлекеттік мектептің 159-ында ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр.