Күрделі операцияны қазақстандық нейрохирургтер Германиядан келген профессор Ульрих-Вильгельм Томалемен бірлесіп жасады.
Дәрігерлер баланың миынан гамартома деп аталатын туа біткен патологияны анықтаған. Бұл – ми тіндерінің дамуындағы ауытқулар салдарынан пайда болатын сирек түзіліс.
Науқаста туғаннан бастап неврологиялық ауытқулар байқалған. Атап айтқанда, себепсіз күлу ұстамалары, ұйқының бұзылуы, сөйлеу және психикалық дамудың тежелуі, бас ауруы мен есінен тану жағдайлары болған. Миындағы гамартома эпилепсиялық ұстамалардың пайда болуына да себеп болған.
Бала бірнеше жыл бойы дәрігерлердің бақылауында болып, дәрі-дәрмекпен емделген. Сонымен қатар оған бірнеше рет хирургиялық операция жасалған. Алайда қабылданған ем шараларына қарамастан, эпилепсиялық ұстамалар тоқтамаған.
Күрделі ота халықаралық практикалық шеберлік сабағы аясында ұйымдастырылды. Оған Германияның "Шарите" университеттік клиникасы балалар нейрохирургиясы бөлімінің меңгерушісі, профессор Ульрих-Вильгельм Томале қатысты.
Шетелдік маман қазақстандық әріптестерімен бірге нейронавигация және операция кезіндегі нейромониторинг технологияларын пайдаланып, гамартоманы микрохирургиялық әдіспен алып тастады.
Халықаралық ынтымақтастық отандық дәрігерлердің тәжірибе алмасуына және балаларға күрделі жоғары технологиялық операцияларды ел ішінде жасау мүмкіндігін кеңейтуге жол ашты.
"Миының күрделі аурулары бар балалардың Қазақстанда жоғары технологиялық медициналық көмек алу мүмкіндігі болғаны біз үшін маңызды. Халықаралық ынтымақтастық, тәжірибе алмасу және заманауи хирургиялық технологияларды енгізу отандық нейрохирургияны дамытуға және күрделі жағдайдағы пациенттерді емдеу мүмкіндіктерін кеңейтіп жатыр", – деді аурухана директоры Марат Рабандияров.
Қазіргі уақытта №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасы балалар нейрохирургиясы мен эпилепсияны хирургиялық жолмен емдеу бағыттарын дамытып, диагностика және емдеудің заманауи әдістерін енгізу жұмыстарын жалғастырып жатыр.