Ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты Алматыда жылыту маусымы биыл әдеттегіден ерте басталады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
9 қазаннан бастап қаланың орталық жылу жүйесіне қосу жұмыстары басталады. Алдымен жылу балабақшаларға, мектептерге және медициналық ұйымдарға беріледі.
Тұрғын үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу 10 қазаннан басталады. Жылу берілгеннен кейін КСК және МИБ мамандары үйлердің ішкі жүйелерін реттеп, ауаны шығарады және қысымды қалыпқа келтіреді. Пәтерлердің біркелкі жылынуын қамтамасыз етеді.
Жылу желілерінде туындауы мүмкін мәселелерге жедел ден қою үшін қажетті материалдар мен жабдықтардың қоры дайындалды.
Жылыту маусымына дайындық аясында қалада 16 апаттық және жөндеу бригадасы кезекшілік етеді. Оларға 220 маман мен 56 техника жұмылдырылады.