Алматыда 9 мамырдағы негізгі іс-шаралар қайда өтеді?

 Алматыда 9 мамырдағы негізгі іс-шаралар 28 гвардияшыл-Панфиловшылар саябағында өтеді.  

Алматыда 9 мамырдағы негізгі іс-шаралар қайда өтеді? Фото: Planet of Hotels

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндалды.

Соғыс ардагерлерінің гүл қою рәсімі әскери қызметкерлердің салтанатты маршымен басталып, Алматы қаласы әкімінің эстрадалық және симфониялық оркестрінің мерекелік концерті Қазақстан эстрада жұлдыздарының атсалысуымен ұйымдастырылады.

Алматы қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Құрманғалиев мегаполистің мамыр мерекелеріне дайындық қалай жүріп жатқаны жөнінде баяндап берді.

 "Жылдағы дәстүр бойынша Алматыда Жеңіс күнін мерекелеу тұжырымдамасын әзірлеуге ардагерлер белсенді түрде қатысып, қала әкімдігімен бірлесе отырып, 41 тармақтан тұратын Қаланың іс-шаралар жоспарын жасаған. Бірінші кезекте соғыс Ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету басты назарда. Мереке күні жергілікті билік іс-шаралар өтетін орындарды мерекелік безендіріп, қала бойынша билбордтар, медиа тақталар мен LED экрандар орнатады. Биыл 50 мың дана "Жеңіс" туралы таспа шығарылады. Оларды белсенді түрде тарату үшін волонтерлар жаппай тартылады", - деді ол.

Аудан әкімдерімен бірге қалада орналасқан мемориалдық тақталарға, ескерткіштерге, соғыста қаза тапқан, ерлік көрсеткен батырлардың мәңгілік ескерткіштеріне (Б.Момышұлы ескерткіші, Т.Бигелдинов, С.Нұрмағамбетов, Р.Қошқарбаев, Ә.Молдағұлова мен М.Мәметова, С.Луганскийдің бюсті, "Отан қорғаушы батыр ұлдарына мәңгілік ескерткіш", "Отан үшін шайқаста қаза тапқан батырларға мәңгілік тағзым" атты даңқ ескерткіштеріне) тағзым етіледі.

Сонымен қатар, заманауи қазақстандық әскери техника мен қару-жарақ көрмесі ұйымдастырылады.

Тұрғындарға бейбіт өмірдегі мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін 9 мамырда бір мезгілде бірнеше жерде мәдени іс-шаралар кеңінен ұйымдастырылады.

Сағат 10:00-ден 14:30-ға дейін Вознесенский соборының алдындағы алаңда (28 гвардиялық панфиловшылар саябағы) концерттік бағдарлама өтеді.

11:00-ден 16:30-ға дейін Арбатта (Жібек жолы мен Панфилов көшелерінің қиылысы) және Ш.Уәлиханов атындағы саябақта да осындай концерттер қала тұрғындары мен қонақтары үшін ұйымдастырылады.

Дәл осы күні басқа аудандарда да (Алатау ауданында 7 мамырда өтеді) қатар түрлі мерекелік шаралар өткізіледі деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу