Алматыда "Абай ұлттық мектебінің" жаңа ғимараты ашылды

161

Салтанатты шараға Сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова арнайы қатысты.  

Алматыда "Абай ұлттық мектебінің" жаңа ғимараты ашылды Фото: parlam.kz

Алматыда "Абай мектебі" мектеп-интернатының жаңа ғимараты салтанатты түрде есігін айқара ашты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Дарынды балаларға арналған бұл заманауи оқу кешенінің ашылу рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткерлері, білім саласының ардагерлері мен ұстаздар қауымы қатысты.

Сенат төрағасы мектептің іргетасы сонау 1957 жылы қаланғанын, кеңес заманының өзінде ұлттық мүддеге қызмет еткен көптеген тұлғаларды ұшырғанын атап өтті. Алайда, 1990-жылдары мектепке тиісті көңіл бөлінбей, заңсыз әрекеттердің салдарынан өзінің тарихи жері мен ғимаратынан айырылып қалған еді.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айқындаған „Заң және тәртіп“ қағидатының нақты жүзеге асуы нәтижесінде Абай мектебіне қатысты тарихи әділеттілік қалпына келтірілді. Бұл – елімізде заң үстемдігі мен әлеуметтік әділдіктің берік орнығып келе жатқандығының айқын көрінісі", – деп атап өтті Оқу-ағарту министрі.

"Дарын" шағын ауданында бой көтерген жаңа оқу кешені 900 орынға арналған. Мұнда оқушылардың сапалы білім алуы, зерттеу жұмыстарымен айналысуы және шығармашылық тұрғыдан дамуы үшін барлық жағдай жасалған.

Мектептің инфрақұрылымы келесідей заманауи нысандармен жабдықталған:

  • Кең оқу кабинеттері мен пәндік зертханалар;
  • Спорт және акт залдары;
  • Заманауи спорт алаңдары;
  • Бассейн;
  • Үлкен кітапхана;
  • Жайлы асхана;
  • Абай мұражайы.
  • Шығармашылық шеберханалар;
  • STEM-орталық;
  • Мұғалімдер үйі мен жатақхана;
  • Алма бағы бар.

Қазіргі таңда білім ордасында 351 оқушы білім алып жатыр. Олардың сапалы тәрбие мен білім алуын педагогикалық шеберлігі жоғары ұжым қамтамасыз етеді. Білім беру процесіне жетекшілік ететін 72 педагогтың қатарында педагог-шеберлер, зерттеушілер, сарапшылар мен модераторлар бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу