Алматыда коммуналдық ақылы автотұрақтарға 4 қазаннан бастап сұранысқа қарай сараланған тариф енгізіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тиісті шешімді қалалық мәслихат депутаттары қолдады.
Қазір автотұрақтың бір сағаты 100 теңге тұрады. Бұл тариф 2016 жылдан бері өзгермеген. Осы уақыт ішінде қаладағы көлік саны 1 миллионнан асып, жолдар мен автотұрақтарға түсетін жүктеме артқан.
Жаңа тәртіпке сәйкес, көлік қозғалысы салыстырмалы түрде төмен учаскелерде тариф бұрынғыдай сағатына 100 теңге болып қалады. Автотұрақтарға сұраныс орташа аумақтарда сағатына 150 теңге белгіленеді. Ал тұрақ орындары тапшы әрі көлік қозғалысы жоғары, сұраныс ең көп аймақтарда тариф сағатына 200 теңге болады.
Ақылы автотұрақтарға жақын үйлердің тұрғындары өз ауласындағы тұрғын үйіне жақын таңдалған тұрақ орнын бір көлікке тегін пайдалану үшін арнайы рұқсат рәсімдей алады. Кейбір санаттарға берілетін жеңілдіктер де сақталады.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жаңа тариф тұрақ орындарының айналымын арттырып, бос орын іздеуге кететін уақытты қысқартуға және тұрақ қою ережелерін бұзуды азайтуға бағытталған.