Алматы қаласының прокуратурасы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметіне ақы төлеу кезінде азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына жеңілдіктер беру тәртібінде бұзушылықтар анықтаған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Прокурорлық қадағалау актісін қарау қорытындысы бойынша Алматы қаласы мәслихатының қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму тарифтерін бекіту туралы шешіміне өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының қатысушылары қоқыс шығару қызметіне ақы төлеуден босатылды. Оларға теңестірілген тұлғаларға, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балалардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне, сондай-ақ жетім балаларға 50 пайыз жеңілдік белгіленді.
Екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар мен азаматтардың басқа да әлеуметтік осал санаттарына 25 пайыз жеңілдік қарастырылған.
Жеңілдіктерді алу үшін тұрғындар тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаратын ұйымдарға қосымшада көрсетілген мекенжайлар бойынша жүгінуі қажет.
Алматы қаласының прокуратурасы азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі екенін еске салды.