21 жастағы Алматы қаласының тұрғыны дереу ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әлеуметтік желідегі діни бірлестіктердің қызметіне қатысты жарияланым астына белгісіз қолданушы жарылыс жасау туралы қорқыту сипатындағы пікір қалдырған.
Аталған дерек бойынша "102" пультіне хабарлама түсіп, Алматы қаласы полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасы жедел шара қолданды.
– Интернетке жазылған болса да, кез келген қорқыту полиция тарапынан қоғамдық қауіпсіздікке нақты қатер ретінде қаралады. Мұндай "әзілдердің" салдары ауыр болуы мүмкін. Әрбір хабарлама мұқият тексеріліп, кінәлілер заң аясында жауапқа тартылады, – деді Алматы қаласы ПД экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Асхат Дәулетияров.
Алматы полициясы азаматтарды әлеуметтік желілерді қолдануда жауапкершілік танытуға, қорқыту немесе құқыққа қайшы мазмұндағы ақпараттарды жарияламауға және таратпауға шақырады.