Алматының Бостандық ауданында қаладағы алғашқы жаңғыртылған коммуналдық базар ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазақфильм" шағынауданында орналасқан нысан шамамен 100 сауда орнына есептелген.
Қазір базарда құрылыс-монтаж жұмыстары мен аумақты абаттандыру аяқталуға жақын. Нысан Алматының дизайн-кодына сай бірыңғай стильде безендірілмек.
Жаңғыртылған базарда жабық және ашық сауда орындары, қоғамдық тамақтану нүктелері, санитарлық тораптар, автотұрақ, аялдама кешені және қоғамдық кеңістіктер болады.
Жабық сауда бөлігінде отандық тауар өндірушілердің өнімдері ұсынылады. Ал ашық алаңда фермерлердің қатысуымен демалыс күндері жәрмеңкелер өткізу жоспарланған.
Нысанды жаңғырту жұмыстары жеке инвестициялар есебінен жүргізілуде. Бұл ретте базардың әлеуметтік бағыты сақталады.