Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде "Армения палитрасы" көрмесі ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Экспозицияға музей қорында сақталған армян суретшілерінің кескіндеме, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылған. Көрме көрермендерді XX ғасырдағы армян бейнелеу өнерімен таныстырып, Қазақстан мен Армения арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған.
Көрмеге Иван Айвазовский, Мартирос Сарьян, Минас Аветисян, Мариам Асламазян, Григор Ханджян және басқа да белгілі суретшілердің еңбектері енген.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көрмеге жолдаған құттықтауында Қазақстан мен Армения арасындағы қарым-қатынастың достық пен өзара құрметке, сондай-ақ көпжылдық мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа негізделгенін атап өтті.
Экспозиция арқылы келушілер XX ғасырдағы армян өнерінің даму кезеңдерімен, жанрлық ерекшеліктерімен және түрлі көркемдік бағыттарымен таныса алады. Музей қорында сақталған туындылар екі ел арасындағы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан мәдени байланысты да көрсетеді.
Музейлер арасындағы ынтымақтастық Армения Ұлттық галереясында да жалғасады. Онда Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейі қорындағы Вардгес Суренянцтың "Покинутая" туындысы көпшілік назарына ұсынылады.
"Армения палитрасы" көрмесі 2026 жылғы 2 қыркүйекке дейін жалғасады.