Алматыда жауын-шашыннан кейін бірнеше аумақта жолдар бүлініп, асфальт опырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұтақты шатқалына апаратын жолда асфальттың бір бөлігі шөгіп, жүк көлігі батып қалған. Соның салдарынан көлік қозғалысы қиындап, кептеліс пайда болған.
"Алматы су" мекемесі бұл аумақта апатты су желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Жалпы ұзындығы 2,5 шақырым желіні жаңарту жұмыстары 15 қазанға дейін аяқталып, жол төсемі қалпына келтіріледі.
Жолдың опырылуына қатысты тағы бір жағдай 1-ші шағынауданда тіркелді. Әлеуметтік желіде жарияланған кадрлардан жеңіл көліктің астындағы асфальттың шөккені көрінеді. "Алматы су" мұнда инженерлік желілердің тозуына байланысты реконструкция жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Жұмыстарды 30 қазанға дейін аяқтау жоспарланған.
Ал Алмагүл шағынауданында жаңадан төселген асфальт бірнеше жерден шөгіп, шұңқыр пайда болған. "Алматы жылу желілері" бұл учаскеде бұған дейін жылу желілеріне қатысты апаттық жұмыстар жүргізілгенін, кейін жауын-шашыннан қалпына келтірілген жолдың шөккенін түсіндірді.
Компания жолды қайта қалпына келтіру жұмыстарын 12 қазанға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.