Алматыда аудан әкімдіктеріне жаңа функциялар берілді

488

1 сәуірден бастап Алматыда аудан әкімдіктері жолдарды, инженерлік желілерді ағымдағы жөндеу, халықтың осал топтарына әлеуметтік қолдау көрсету, мектепке дейінгі ұйымдарды, шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын жан басына шаққандағы қаржыландыру және өзге де жұмыстарды дербес жүргізе бастады.

Алматыда аудан әкімдіктеріне жаңа функциялар берілді Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Әкімдіктің мәліметінше, жаңа функциялармен қатар сегіз аудан әкімдігіне 73,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді (Алатау – 17 млрд теңге, Алмалы – 5,9 млрд теңге, Әуезов – 13,3 млрд теңге, Бостандық – 7,5 млрд теңге, Жетісу – 7,9 млрд теңге, Медеу – 7 млрд теңге, Наурызбай – 5,6 млрд теңге, Түрксіб – 9 млрд теңге).

"Функцияларды орталықсыздандыру бойынша өзгерістер қабылданғанға дейін аудан әкімдіктерінің тек ағымдағы жұмыстарға, оның ішінде абаттандыруға, тазалауға, көгалдандыруға және т. б. арналған өкілеттіктері мен қаражаттары шектеулі болды. Аудан әкімдіктеріне жаңа функцияларды беру және қосымша қаржыландыруды бөлу жергілікті жерлерде жедел шешім қабылдауға ықпал етеді. Әр аудан халқының қажеттіліктерін негізге ала отырып, бюджет қаражатын тиімді бөлуді қамтамасыз етеді және осы қызметтердің орындалуын одан әрі бақылауға мүмкіндік береді", делінген әкімдік хабарламасында.

Орталықсыздандыруды түбегейлі бекіту мақсатында жергілікті өзін-өзі басқару функциялары бойынша 2022 жылғы 30 желтоқсанында аудандық әкімдіктерге 15 функцияны беру бөлігінде Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне түзетулер енгізілді: 

1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының қызметін қамтамасыз ету; 

2) спорт секцияларын жанбасына шаққандағы нормативтік қаржыландыруды іске асыру; 

3) автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу; 

4) тұрғын үй көмегі; 

5) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек; 

6) жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету; 

7) әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру; 

8) белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды әлеуметтік бейімдеу; 

9) жетімдерді, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қамсыздандыру 

10) мүгедектігі бар балаларды қоса алғанда, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру; 

11) халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету; 

12) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек; 

13) әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы өзге де қызметтерді іске асыру, оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру; 

14) коммуналдық меншіктегі сумен жабдықтау, кәріз, кәріз сорғы станцияларының тарату желілерін, газбен жабдықтау және жарықтандыруды жобалау, салу, реконструкциялау, күрделі жөндеу және модернизациялау; 

15) тұрғын үй қорын инвентаризациялау.

Сондай-ақ әкімдіктің мәліметінше, орталықсыздандыру аясында аудан әкімдіктеріне халықтың әлеуметтік осал топтарын әлеуметтік қорғау бөлігінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының функциялары берілді. 

Сондай-ақ, аудан әкімдіктеріне мына әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша функциялар да берілді: Ten qogam, "Бақытты отбасы" орталықтары, дәстүрлі қолөнер орталығы, белсенді ұзақ өмір сүру орталығы, "Шыңға өрлеу".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу