Алматыдағы қоғамдық көлікте екі әйел төбелесіп, оқиғаны видеоға түсірген студент қыз да соққыға жығылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өз аялдамасынан өтіп кеткен әйел бұған қызын кінәлап, дау шығарған. Басқа жолаушылар ескерту жасаған кезде ол ашуға мініп, балағат сөздер айтқан.
Куәгерлердің айтуынша, әйел өзін сабырға шақырған жолаушымен төбелесіп қана қоймай, оқиғаны түсіріп отырған жасөспірімге де қол көтерген. Камилла Жорабаеваның сөзінше, ол видеоға түсіргені үшін бірнеше рет соққы алып, шашынан тартып, тізерлетіп отырғызылған.
Әйел бейнежазбаны өшіруді талап еткен. Әлеуметтік желіде тараған видеода екі әйелдің төбелесіп жатқаны анық көрінеді. Жолаушылар араша түскенмен, біраз уақыт ажырата алмаған. Ал соққыға жығылған студент қыз ауруханаға жеткізілді. Оның басынан қатты жарақат алғаны белгілі болды.
Зардап шеккен қыздың анасы Ирина Ключникова кінәлі әйелдің заң алдында жауап беруін талап етті.
"Қызымның басы ісіп кеткен, жүрегі айнып, қатты басы айналды. Ана ретінде оның не себепті қызымды соншалықты аяусыз ұрғанын білгім келеді", – деді ол.
Алматы қалалық полиция департаменті Алатау аудандық басқармасында қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Ресми өкіл Салтанат Әзірбектің айтуынша, күдікті әйел міндетті түрде анықталып, заң алдында жауап береді.
Жарақат алған Камилла автобусқа мінуден қорқып қалғанын айтады. Оның жақындары кінәлі әйелдің қатаң жазалануын талап етті.