Бүгін сағат 09:19-да Жіңішкесу – Шелек аралығының (Жетіген-Алтынкөл учаскесі) реттелетін, қорғалмайтын теміржол өткелінде Toyota Land Cruiser маркалы автомобильдің жүргізушісі жол қозғалысы ережесін бұзып, жүк пойызына соққан.
ҚТЖ-нің мәліметінше, құрбан болғандар жоқ. Тек жүргізуші қолын сындырып алған, оған медициналық көмек көрсетілді.
"Пойыз қозғалысы 30 минутқа кешігіп, қалпына келтірілді. Өткел барлық қажетті ескерту белгілерімен жабдықталған", – делінген хабарламада.
Жыл басынан бері теміржол өткелдерінде 23 жол апаты болды. Негізгі себеп ретінде автокөлік жүргізушілерінің жол жүру ережелерін бұзуы айтылып отыр. ҚТЖ жүргізушілерді жол ережелерін сақтауға және темір жолдарды кесіп өту кезінде аса сақ болуға үндеді.