Жоба мегаполис пен Алматы облысын байланыстыратын негізгі көлік қақпаларының бірі болмақ.
Алматы қаласының батыс бөлігінде, бұрынғы "Барлық" базары орналасқан аумақта көпфункциялы көлік-ауысып отыру торабының құрылысы жоспарланып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Осыған байланысты базар биыл 9 қаңтардан бастап толықтай жабылды.
Алматы қаласының жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы қазіргі таңда базар аумағында инженерлік желілерді көшіру және құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Жоба аясында бұл аумақта көп деңгейлі автотұрақ, қалааралық және қалалық автобустарға арналған тұрақтар салу көзделген. Сонымен қатар құрылысы аяқталуға жақын "Қалқаман" метро бекетінен жаңа желі тартылып, бірінші желінің соңғы станциясы осы жерде орналасады. Бұдан бөлек, көлік торабы арқылы жеңіл рельсті көлік – LRT желісі өтеді, оған арнайы станция салынбақ.
Бас жоспарға сәйкес, "Батыс" көлік-ауысып отыру торабы қала маңындағы Қарасай, Жамбыл аудандары мен оңтүстік бағыттан келетін тұрғындардың Алматының орталық бөлігіне қатынауын жеңілдетуге тиіс. Алайда метро мен LRT секілді ірі инфрақұрылымдық жобалардың нақты қашан басталатыны әзірге белгісіз. Басқарма мәліметінше, 2026 жылы бұл жобаға бюджеттен қаржы қарастырылмаған.
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ
Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу