11 қараша күні сағат 10:00-дегі жағдай бойынша Алматыда 36 мм-ге дейін жауын-шашын түсті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әкімдіктің хабарлауынша, қалада 23 мм, Медеу ауданында 26 мм, Каменск үстіртінде 36 мм жауын-шашын түскен.
Қазір коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп, көше мен аулада жиналған суды сорып жатыр. Кезекшілікте 85 жедел бригада бар. Жұмысқа 415 арнайы техника мен 97 мотопомпа жұмылдырылған.
Сондай-ақ жұмысқа тәулік бойы 3 253 жол саласы жұмысшысы тартылған.
Синоптиктердің болжамынша, 11 қараша күні бойы оқтын-оқтын жаңбыр жауады. Тағы 10 мм-ге дейін жауын-шашын түсуі мүмкін. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Жүргізушілер жылдамдықты азайтып, су жиналуы мүмкін жерлерге көлігін қоймағаны жөн.
Бұған дейін "Алатау" метро бекетіне жиналған суды сорғыту жұмыстары жүргізіліп жатқанын жазған едік.